Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Мемлекет басшысы өңірде бірқатар өндірістік нысанды аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртаудағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Qarmet компаниясы қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жолды қалпына келтіріп, ауыстырды. Жаңадан заманауи 8 вагон сатып алынды. Президент бүгінде Теміртау қарқынды дамып келе жатқанын, оны абаттандыруды жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз.
Кейін Мемлекет басшысы Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысты. Ол болат балқыту өндірісінің негізгі буыны саналады. Президентке домна пешінде балқытылған шойынның қалай құрышқа айналатыны, содан кейін үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге жіберілетіні көрсетілді. Qarmet компаниясы 2024 жылы екі конвертерлерде күрделі жөндеу жүргізіп, заманауи конструкциялар орнатты. Жаңғырту жұмыстары шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, қорытылған болат көлемін ұлғайтуға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компания биыл 4 млн тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 4 млн тоннаға тарта темір рудасы концентратын өндіруді жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысына ек бірдей кокс батареяларының құрылысы жөнінде де баяндалды. Әр батереяда камерасының биіктігі шамамен 8 метр болатын 54 кокс пеші жұмыс істейді. Келер жылы іске қосылатын жаңа агрегаттар домна пешін осында өндірілетін кокспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, оның сапасын ұдайы сақтауға және экологиялық қауіпсіздіктің анағұрлым жоғары деңгейде болуына мүмкіндік береді.
Президент Qarmet компаниясының жаңа сұрыпты прокат кешенінің құрылыс алаңында болды. Өндіріс кешені іске қосылғанда жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады. Жобаның технологиялық серіктесі – қытайлық CERI инжиниринг компаниясы. Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 млрд долларды құрайды. Металлургиялық комбинатта қазір 4 жаңа жоба және кәсіпорынды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы іске асырылуда.

