Қазақстан Президенті Оман Сұлтанымен келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті Оман Сұлтанымен келіссөз жүргізді

Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтанын ресми қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Оманның әнұрандары шырқалды.

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Келер жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пенқолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанағажасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенінайқын көрсетеді.

Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Бұл қатарда «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, сондай-ақ Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры жобалары бар. Елеулі маңызға ие саланың бірі – көлік байланысы. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид, Оман Сұлтаны:

- Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы саудадәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Кейін Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомство аралық құжаттар алмасу рәсімі өтті. Жаңа келісімдер мен меморандумдар энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтыды.

Қазақстан Президенті Оман Сұлтанын «Алтын қыран» орденімен марапаттады. Ал Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевқа Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденін табыстады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?