Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасын қабылдады

2026 жылдың 7 айындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы туралы есеп берді.  Жылдық инфляция төмендеп, шілдеде 10,2%  құрады. Бизнесті несиелеу динамикасы да қарқын алған. Оның портфелі жылдық мәнде 17% астамға ұлғайған. Бұл ретте шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 30% жуық жеделдеген. 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127 млрд доллардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Alatau City қаржы экожүйесін дамыту шаралары жөнінде де мәлімет берілді. Ол капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын және инвестиция тартуды қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекет басшысына қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Трансшекаралық төлем жасау үшін стейблкоинді қолдану, инфрақұрылымды дамыту мен токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды. 19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банктің клиенттеріне QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастаған сәттен бері жалпы құны 170 млрд теңге болатын 6,5 млн операция өңделді. Кездесу соңында Президент инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңызына назар аударды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?