Қазақстан Президенті
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына
қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтып, Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына
105 жыл толуымен құттықтады. Қазақстан
Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге
қашанда мүдделі. Президенттің айтуынша, тараптар сауда-экономикалық салада мол
табысқа қол жеткізді. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға
жетті. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар
инвестиция салды. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса Қытай компаниясы жемісті
жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл
шаруашылығы секілді экономиканың түрлі секторында бірлескен ірі жобалар жүзеге
асырылуда. Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы
ықпалдастықтың жоғары деңгейіне назар аударды. Екі мемлекеттің жаһандық орнықты
даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымдары – ортақ. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жоғары деңгейін, әрі алдағы даму әлеуетін атап
өтті. Сонымен
қатар ҚХР Төрағасы Қазақстанда жүзеге
асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның
қабылдануымен құттықтады. Кездесу соңында 2027-2030
жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына және жол
картасына қол қойылды.

