Қазақстан Президенті АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады. Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады. Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа органның қызметіндегі маңызды бағыт болатынын атап өтті. АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Қасым-Жомарт Тоқаев Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ынтымақтастығымыз жан-жақты сипатқа ие және
саяси диалогты, экономикалық өзара іс-қимылды, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік
пен қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қоса алғанда, кең ауқымды
мәселелерді қамтиды. Қазақ-америка ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға АҚШ
Конгресіндегі екі партияның да қолдау көрсетуін жоғары бағалаймын. Бұл біздің
стратегиялық әріптестігіміздің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты. Көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнаған. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Американың жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайту бастамаларына, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдеріне қолдау білдірді. Бұл ретте Президент Қазақстан мен АҚШ ядролық қауіпсіздікті нығайту және жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісінде де маңызды рөл атқаратынына назар аударды. Өз кезегінде америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
Джейсон Смит, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы:
– Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған
бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін
жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа
ризашылығын білдірді. Мен АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салықтар
жөніндегі комитетінің төрағасымын. Біздің комитет АҚШ үкіметінің барлық
кірістеріне жауап береді. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттары мен сіздердің
ғажайып елдеріңіз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту жолдарын
іздеуге күш салып келеміз.

