Астанада «Дизайндағы уақыт тілдері» атты италиялық көрме ашылды

Астанада «Дизайндағы уақыт тілдері» атты италиялық көрме ашылды


Заттардың тең геометриясынан қоғам сұранысына бағытталған тың шешімдерге дейін. Соңғы 30 жылда италиялық дизайн осындай кейіпке еніп, қоғамға ықпалын күшейте түсті. Оның заман ағымына сай өзгеріп, қалай түрлене түскенін Астанада ашылған «Дизайндағы уақыт тілдері» халықаралық көрмесінен анық көруге болады. Экспозиция 1995 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және 8 тақырыптық бөлімге жіктелген. Олардың әрқайсысы белгілі бір дәуірге тән сипатын көрсетіп, дизайнның қоғаммен бірге қалай өзгергенін аңғартады. Мұнда қойылған туындыларда заманауи технологиялар мен күнделікті өмір салты өзара үйлесім тапқан. Жобаның авторы әрі кураторы, италиялық сәулетші және дизайнер Марко Полеттидің айтуынша, көрменің Қазақстан астанасында өтуі – заманауи италиялық мәдениетті Орталық Азияда ілгерілетудің жаңа кезеңі. Оның сөзінше, мұндай жобалар мәдени диалогты нығайтып, өңірлер арасындағы жаңа байланыстардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұған дейін көрме Алматыда қанат жайып, Бішкекте көпшілік назарына ұсынылды.


Марко Полетти, дизайнер, көрме кураторы:


– Бұл көрме италиялық дизайнның заман ағымынан қалыспай, жаңа бағыттарға жол ашатынын көрсетеді. Сондай-ақ, ол италиялық және қазақстандық мәдениеттің басын қосатын алаңға айналды. Италиялық дәстүр көбіне сәндік-қолданбалы бұйымдар мен нысандардың дизайнымен байланысты болса, қазақстандық бағыт интерьерді безендіруге және үйлесімді кеңістік қалыптастыруға көбірек мән береді. Мұнда осы екі тәсіл тоғысып, бірін-бірі толықтырады және өзара жаңа ықпалдастыққа жол ашады. Бұл – екі мәдениеттің арасында диалог орнатуға берілген тамаша мүмкіндік.


Антонелло Де Риу, Италияның Қазақстандағы елшісі:


– Көрменің басты мақсаты – қазақстандық көрерменді италиялық дизайнмен таныстырып қана қоймай, өзара академиялық байланыстарды нығайту. Сондықтан бұл мәдени жобаны іске асыру үшін жергілікті Қазақ ұлттық өнер университетін таңдадық. Осылайша, мұнда біз өз біліміміз бен тәжірибемізді жас ұрпақпен бөлісе аламыз. Осы бағытта да бірлескен жұмыстарды дамыту екі ел арасындағы, бүгінде жоғары деңгейге көтерілген қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?