Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинамен кездесті. Мемлекет басшысы спортшыны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен «әлемнің бірінші ракеткасы» мәртебесіне ие болуымен құттықтады. Президент тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталып, кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығын атап өтті. Бұл Қазақстанды спортқа, қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан маңызды. Елена Рыбакина Мемлекет басшысына ұдайы қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті екенін жеткізді. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін, сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс.
Елена Рыбакина, теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы:
- US Open-де жеңіске жетіп, рейтингте бірінші орынға шыққаныма өте қуаныштымын. Мен үшін осындай марапат алу үлкен мәртебе және бүкіл Қазақстанға, ата-анама, командама алғыс білдіремін. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола аламын деп үміттенемін. Әрі қарай қандай бағытта дамитынымды уақыт көрсетеді, бірақ алға қойған орасан зор мақсаттарым бар.

