Астана 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл Орталық Азия өңірінде аталған спорт түрі бойынша өтетін алғашқы біріншілік болмақ. Қазақстан Президенті Халықаралық үстел теннисі федерациясының басшысы Петра Сёрлингпен кездесуде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарының үстел теннисіне қызығушылығы арта түскенін айтты. Қазір 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Еліміз арнайы инфрақұрылымды дамыту ісін қолға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлем чемпионатын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді. Федерация жетекшісі үстел теннисіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Президентке алғыс айтты, сондай-ақ осы спортты одан әрі насихаттау жоспарымен бөлісті. Мемлекет басшысы Қазақстанда үстел теннисін дамытуға қосқан үлесі үшін Петра Cёрлингті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

