Қазақстан Президенті БРИКС cаммиті аясында бірқатар кездесу өткізді

Қазақстан Президенті БРИКС cаммиті аясында бірқатар кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС cаммиті аясында бірқатар елдің өкілдері және халықаралық ұйымдардың делегация басшыларымен жүздесті. Мәселен, Қазақстан Президенті Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесуде ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Олар энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды. Аталған бастамалар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет басшысы БАӘ Президенті, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға жылы лебізін жолдап, оның Қазақстанға сапармен келуін күтетінін айтты.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен қазақ-америка стратегиялық серіктестігінің дамуын талқылады. Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды. Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед өзара сауда мен іскерлік серіктестікті жандандыру, сондай-ақ  елімізде Эфиопия елшілігін ашу  мүмкіндігін қарастырды. Тараптар Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе, сондай-ақ гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру әлеуетін талқылады. Президент Абий Ахмедті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді  БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтады. Сонымен қатар, тараптар энергетика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға келісті. Тараптар, сондай-ақ Astana Hub және Хайдарабадтың технологиялық экожүйесі Cyberabad арасындағы өзара іс-қимылды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ әлемдік көшбасшылармен және жаһандық құрылымдардың басшыларымен, соның ішінде Ресей, Бурунди Президенттерімен, Малайзия, Вьетнам Премьер-министрлерімен бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы және Дүниежүзілік Сауда Ұйымы бас директорларымен жүздесті. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?