Қазақстан пайдалы қазбаларды барлауға 40,5 млрд теңге бағыттайды

Қазақстан пайдалы қазбаларды барлауға 40,5 млрд теңге бағыттайды

Биыл Қазақстан пайдалы қазбалардың әлеуетті кен орындарын іздеуге 40,5 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды. Оның басым бөлігі геологиялық түсірілімге, қалған қаржы сейсмобарлау жұмыстарына жұмсалмақ. Алдағы екі жылда осы мақсаттарға Үкімет резервінен жалпы 110 млрд теңге бөлінеді. Жұмыстар қазірдің өзінде басталды. Мамандар алтын, мыс, полиметалл, сирек жер элементтері, литий, вольфрам және молибден қоры болуы мүмкін аумақтарды егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталған 20 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Сонымен қатар 25 нысандағы жұмыстар аяқталып, аз зерттелген шөгінді бассейндерде – Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу аймақтарында – сейсмобарлау бойынша 6 жоба іске қосылады. Зерттеу жұмыстары еліміздің 2 млн шаршы шақырымнан астам аумағын қамтиды. Оның аясында аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, зертханалық талдау, Жерді қашықтан зондтау және ұңғымалар бұрғылау жұмыстары жүргізіледі.


Руслан Иснязов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің бас сарапшысы:

– Біз жер қойнауын егжей-тегжейлі түсіреміз. Оның масштабы – 1:50 мың. Бұл бүкіл Қазақстан аумағын қамтитын ауқымды түсірілім болады. Алынған нәтижелерді өңдеу үшін жасанды интеллект құралдары пайдаланылады. Аталған зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін осы учаскелердегі пайдалы қазбалардың болжамды ресурстары есептеледі. Одан кейін олар барлау және іздеу жұмыстарына ұсынылады. Ал іздеу жұмыстарының нәтижесінде учаскелердегі нақты қор көлемі есептеледі.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?