Қазақстан – Орталық Азияның инвестициялық көшбасшысы

Қазақстан – Орталық Азияның инвестициялық көшбасшысы

Қазақстан әлемнің жетекші экономикаларымен стратегиялық әріптестігін нығайтып келеді. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес салаларға инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр. Осылайша, сыртқы сауда байланыстары нығая түсуде. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында сыртқы сауда айналымы 103 миллиард долларға жетіп, шамамен 13 пайызға өсті. Республика күні қарсаңында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары жыл қорытындысын түйіндеді.

Нұрдәулет Нариманов — ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы:

- Шын мәнінде, бұл бағытта айтарлықтай жетістікке қол жеткіздік. Өйткені биыл өңдеу өнеркәсібінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 14 пайызға жетсе, өндіруші сектордың үлесі 12 пайызды құрады. Бұл — мемлекеттің шикізат өндіруге басымдық беруден қосылған құны жоғары өнімдер мен тауарлар өндіруге бет бұруындағы маңызды кезең. Қазақстанға шетелдік капиталдың тартылу ауқымы ұзақ мерзімді көрсеткіштерден, әсіресе соңғы жеті жылдағы нәтижелерден айқын көрінеді. Атап айтқанда, 2019 жылдан бері Қазақстанға 156 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Қазақстан Орталық Азия елдеріне тартылатын тікелей шетелдік инвестициялардың 70 пайыздан астамын иеленеді. Инвестициялық тартымдылықты арттырудың негізгі бағыттарының бірі — инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін институттар қалыптастыру. Олардың қатарында ағылшын құқығы қағидаттарына тәуелсіз соты бар «Астана» халықаралық қаржы орталығы, инвесторлардың мүдделерін қорғауға бағытталған Инвестициялық омбудсмен институты бар. Бұдан бөлек, ел Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Қазақстан Үкіметі жанындағы Инвестициялық штабы қызмет атқарады. Алайда Қазақстанныңинвестициялық тартымдылығы тек институционалдық тетіктермен шектелмейді. Сарапшының пікірінше, Қазақсатнның жетістігіне оның адами капиталының әлеуеті негіз болып, дамыған институттар мен білікті кадрлық үйлесім қалыптасқан.

Нұрдәулет Нариманов — ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы:

- Бұл – шетелдік инвесторлар үшін аса маңызды фактор. Өйткені олар Қазақстанда кәсіпорындарды басқаруға, өндірісті дамытуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қабілетті жергілікті мамандардың бар екенін көріп отыр. Сондықтан шетелдік серіктестер Қазақстанның адами әлеуетін жоғары бағалайды. Бұл еліміздің Орталық Азиядағы инвестициялық көшбасшы орнын иеленуіне ықпал ететін маңызды артықшылықтардың бірі.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?