Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Салтанатты рәсімге Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қатысты. 380 шақырымдық желі Каспий теңізі табанымен жүргізілген. Жаңа цифрлық байланыс бағыты Орталық Азия елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайды. Бұдан бөлек ол Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін. Жобаны «Қазақтелеком» мен AzerTelecom бірлесіп жүзеге асырды. Магистраль халықаралық байланыс желісін іске қосып, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қосу Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы. Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бұл желіні Орталық Азия мемлекеттері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдалана алатынын атап өтті.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
- Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжан Транскаспий көлік дәлізі, яғни, Азия мен Еуропа арасындағы негізгі бағыттардың бірі - Орта дәлізді бірлесіп дамытуға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің қатысуымен тараптар қол қойылған келісім алмасты. Ол теміржол, автомобиль және порт инфрақұрылымын дамытуды және дәліз бойындағы өткізу қабілеті төмен аумақтарды кеңейтуді көздейді.

