Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде

Бірлескен өндірістер ашу, инвестициялар көлемін көбейту және бірыңғай цифрлық сауда дәліздерін дамыту. Бұл мәселелер Ташкенттегі Өзбек-Қазақ бизнес-форумында талқыланды. Бір алаңда мемлекеттік органдардың, даму институттарының, салалық бірлестіктер мен бизнестің өкілдері жиналды. Біздің елімізді 100-ден астам отандық жетекші компания таныстырды. Олардың қатарында құрылыс және жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, медицина, фармацевтика, туризм, IT және машина жасау кәсіпорындары бар. Тараптар бүгінде бизнес-қоғамдастық өңірлік экономикалық интеграцияның басты қозғаушы күштерінің біріне айналып келе жатқанын атап өтті.

Қанат Шарлапаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:

- Өзбек кәсіпкерлері мен қазақстандық кәсіпкерлер бір-бірімен тікелей сөйлесетін, мысалы, транзит, фитосанитариялық рұқсаттарға қатысты мәселелерді көтеретін, ортақ бастамалары бірге талқыланатын форумдардың, осындай алаңдардың маңызы үлкен. Біз осында айтылған мәселелерді әр елдің өз кәсіпкерлер палаталары арқылы Өзбекстан мен Қазақстан үкіметтеріне жеткіземіз. 

Екіжақты экономикалық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын нақты көрсеткіштер де айғақтайды. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы шамамен 5 млрд долларға жетті. Оның 3,5 млрд доллары қазақстандық экспорттың үлесіне тиесілі. Биыл бұл қарқын одан әрі үдей түсті. Жылдың алғашқы 5 айында ғана өзара сауда көлемі 2 млрд доллардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 37% жоғары. Енді Қазақстан мен Өзбекстанның алдында өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу міндеті тұр.

Алишер Шайхов, Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының кеңесшісі:

- Бүгін кооперацияға қатысты – агрокешендегі және өнеркәсіптік кооперация саласындағы мәселелер талқыланды. Бұл несімен маңызды? Себебі қазір біздің өнім көлемі ұлғайған, өзбек нарығында көптеген қазақ компаниялары және керісінше қазақ елінде өзбек компаниялары бар. Бірақ бүгінгі әңгіме тек сауда, бір-бірінен алып сату туралы ғана емес, басқа елдерге де экспорттауға болатын тауарлардың бірлескен өндірісін жолға қою жайлы болып отыр. 

Форум қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және өнеркәсіптік кооперацияға дайын екендіктерін растады. Әрі мұны бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою арқылы бекітті. Олардың қатарында жоғары вольтты электр беру желілеріне арналған қазақстандық арматуралы-оқшаулау зауытының өнімдерін Өзбекстанға жеткізу туралы келісімшарт жасалды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?