Астана мен Душанбе өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері 14 келісім мен меморандумға қол қойды. Естеріңізге сала кетейік, Эмомали Рахмон елордаға ресми сапармен келген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Тәжікстан арасында қандай да бір мәселе жоқ. Керісінше, барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытудың оң серпіні байқалады. Атап айтқанда, инвестициялық ықпалдастық кеңейіп, сауда-экономикалық байланыстар нығаюда. Мәселен, екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты. Тек осы жылдың 8 айында өзара алыс-беріс шамамен үштен бірге өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
– Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың тыңғылықты іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет. Бүгінгі келіссөзіміз барлық бағыттағы ықпалдастықты одан әрі дамытудың нақты қадамдарын айқындайды.
Тараптар тауар айналымын 2030 жылға дейін ұлғайту жөніндегі жол картасын қабылдады. Президенттің пікірінше, аграрлық секторда мүмкіндік мол. Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі шамамен 600 миллион долларды құраған. Бұл – бүкіл тауар айналымының тең жартысы.
Бұл саладағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін толыққанды өндіріс тізбегін құру мүмкіндігі талқыланды. Мемлекет басшысы сондай-ақ энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, өңдеу, көлік-транзит салаларында өзара тиімді әріптестік құрудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар су-энергетика саласы және IT-секторына айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық тарап барлық бағыттағы ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, Президент Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Тәжікстанның кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына назар аударып, оны Орталық Азияның Ұлы ғалымы, ойшылы атындағы Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады.Сондай-ақ сапар аясында Астанада Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Мемлекеттер басшылары салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

