Қазақстан мен Rhenus Group неміс компаниясы көлік-логистика салаларындағы бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Оларды іске асыру барысын Берлинде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен компанияның басқарма төрағасы Тобиас Бартц талқылады. Бұл ретте тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға баса назар аударды. Заманауи үлгідегі порттар, терминалдар, теміржол инфрақұрылымы бірлесе қалыптастырылмақ.
Бұл тасымалдау жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компания басшысы Қазақстанның басқа да инфрақұрылымдық жобаларына атсалысуға ниетті екенін жеткізді.
Тобиас Бартц, Rhenus Group компаниялар тобының басқарма төрағасы:
- Осы мәселеде қолдау танытқаны үшін Президентке ризашылығымды білдіремін. Біз барлығы 14 терминал құруды жоспарлап отырмыз. Бұл желі Өзбекстаннан басталып, Қазақстан мен Әзірбайжан арқылы Түркияға дейін жалғасады, әрі қарай біздің инфрақұрылымымымызға ұштасады. Еуропада біздің 23 контейнерлік терминалымыз және жалпы 70 порт алаңымыз жұмыс істейді. Біз Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияны Еуропадағы логистикалық желімізбен байланыстырғымыз келеді.
Мемлекет басшысы Deutsche Bahn компаниясының отандық теміржол секторын жаңғыртуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев концерннің саланы жаңғырту және жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысын атап өтті. Президент Қазақстан өндірушілерін германиялық компанияның жеткізу тізбегімен ұштастырудың, соның ішінде тиісті сертификаттаудан өтудің маңызына тоқталды. Жүк тасымалында DB Cargo Eurasia компаниясымен әріптестікке назар аударылды. Екі арада контейнерлiк тасымалды дамытып, Орта дәлiзге ерекше көңiл бөлу көзделген. Тараптар ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады.

