Нью-Йоркте қазақ диаспорасы Республика күнін атап өтті. Ұлттық мереке қарсаңында дипломатиялық корпус өкілдеріне арнап қабылдау ұйымдастырылды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров ел тәуелсіздігінің 35 жылындағы жетістіктерге тоқталды. Ол Қазақстанның бейбітшілікті нығайтуға және көпжақты дипломатияны дамытуға дәйекті түрде үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, дипломат халықаралық серіктестермен қарым-қатынастың маңызына назар аударды. Мерекеге орай Нью-Йоркте Қазақстанның туын көтеру рәсімі өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын салтанатты шараға АҚШ Мемлекеттік департаментінің қызметкерлері, дипломаттар және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Марк Макговерн, АҚШ Мемлекеттік департаментінің нью-йорктегі өңірлік бөлімшесінің директоры:
- Қазақстанның әлемдегі ықпалы артып, экономикалық ұстанымы нығайтып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұған АҚШ-тағы, әсіресе Нью-Йорктегі қазақ диаспорасы үлес қосып келеді. Ортақ құндылықтар мен бірлескен жоспарлар екі елдің өркендеуіне жаңа мүмкіндік ашады. Бүгін осы мерекені сіздермен бірге атап өтіп жатқаныма қуаныштымын.
Ренат Бектұров, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Бұл күн еліміздің Тәуелсіздігінің тарихындағы үлкен бір меже. Осы күні мемлекетіміздің Егемендігі туралы декларация жарияланды. Бүгін міне 35 жылдан астам уақыт өтіп, еліміз гүлденіп, көркейіп келе жатыр. Әлемдегі тез өсіп келе жатқан елдердің бірі. Біз осы жолдан таймаймыз деп сенемін, еліміз өркендей берсін, көк туымыз әрқашан да желбірей берсін!
Мерекеге қатысушылар қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдап, ұлттық тағамнан дәм татты. Сондай-ақ әйгілі «Апорт» алмасы ұсынылды. Қазақстанның Мемлекеттік туын көтеру рәсімі Әнұранның орындалуымен жалғасты. Ал келесі аптада мерекелік бағдарлама аясында әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт өтеді.

