Қазақстан Каспий түбімен талшықты-оптикалық байланыс
желісін тарту жобасының негізгі кезеңін аяқтады. Теңіздің арғы бетінен су асты
кабелі тартылып, кеме еліміздің жағалауына табысты жетті. Естеріңізге сала
кетейік, жоба өткен жылы басталған болатын, оны Қазақстан мен Әзірбайжан
компаниялары бірлесіп жүзеге асыруда. Мамандар инженерлік зерттеу жасап,
оңтайлы маршрутты анықтады, әрі кабельді сынақтан өткізді. Теңіз табанына төсеу
жұмысы шілде айында басталды. Жұмыстар тәулік бойы динамикалық позициялау
жүйесі бар мамандандырылған кеме көмегімен жүргізілді. Ол теңіздегі күрделі жағдайларда
да жұмыстың жоғары дәлдігін қамтамасыз етеді. Транскаспий желісі Қазақстан мен
Әзірбайжанның цифрлық инфрақұрылымын жалғайды және Азия мен Еуропа арасындағы
тікелей жоғары жылдамдықты деректер алмасу дәлізіне айналады. Бұдан бөлек,
дәліз АІ, бұлтты технологиялар мен заманауи орталықтардың одан әрі дамуына негіз
болады. Құрылысшылар кабельді жағалау инфрақұрылымына қосуға кірісті.
Жағалаудағы инфрақұрылымының құрылысын аяқтау және жүйені сынақтан өткізу күзге
жоспарланған.

