Қазақстан инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер рейтингінде бірден 17 сатыға жоғарылаған. Мұндай мәліметті Investing.com ірі аналитикалық платформасы келтірді. Қазіргі таңда республика 70-ші орыннан 53-ші орынға көтерілді. Инвесторлардың салым көлемі артып келеді. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған қаржы 9,6% ұлғайып, 20 млрд долларға жетті. Сонымен қатар, жеке инвестициялар 21% өсті. Сарапшылар атап өткендей, инвесторлар табиғи ресурстарды ғана емес, мемлекеттік институттар сапасын, экономикалық саясат болжамдылығын және сыртқы дағдарыстарға төтеп беру қабілетін ескереді. Қазақстан бұл бағыттарда оң даму динамикасын сақтап келеді. Халықаралық Валюта Қорының болжамы бойынша, биыл ел экономикасы 4,6% өседі. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан қайта өңдеу, логистика және заманауи өндірістерді дамыту арқылы шикізат моделі шеңберінен шығып келеді.

