Қазақстан құрамасы халықаралық спорттық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің үздік төртігіне енді. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge жарысында отандастарымыз іріктеу кезеңіндегі 11 матчтың барлығында жеңіске жетті. Осылайша плей-офф кезеңіне жолдама алды. Дүбірлі додаға әлемнің 185 елінен команда қатысты. Биыл қатысушылар орман өрттерімен күресуге арналған роботтар әзірледі. Оларға тілсіз жаудың алдын алу үшін жалын ошағын ауыздықтай алатын құлтемір құрастырып, бағдарламалау міндеті жүктелді. Бұл тартыста оқушылардың инженерлік қабілетімен қатар, командалық жұмысы сыналды.

