Қазақстан биоәртүлілікті сақтау жөнінде бірқатар бастама көтерді

Қазақстан биоәртүлілікті сақтау жөнінде бірқатар  бастама көтерді

Алматыда Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін орналастыру. Қазақстан Президенті Армения астанасы Ереванда өткен COP17 биологиялық әралуандығын сақтау жөніндегі саммитте осындай ұсыныс айтты. Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынды. Мемлекет басшысы ортақ табиғи мұраны сақтау ісінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің осы бағыттағы жетістіктеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыұлттық идеологияға айналуда. Мемлекет басшысы киік пен қар барысы популяциясын қалпына келтіру жөніндегі Қазақстанның жетістіктері туралы айтты. Елде сондай-ақ биологиялық әралуандықты сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама қабылданды. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Қазақстанда Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкі құрылуда. Сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттерінің қолдауымен еліміз Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны қабылдаудың бастамашысы болды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталып, шетелдік серіктестерді аталған іске үн қосуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ, әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?