Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясында ұстанымын білдірді

Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясында ұстанымын білдірді

Қазақстан БҰҰ Жарғысы қағидаттарына берік, сондай-ақ бейбітшілік пен орнықты даму жолында Ұйымға мүше барлық мемлекеттермен ықпалдастықты жалғастырады. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысында халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын танытты және сыртқы саясатындағы басымдықтарына тоқталды. Ол Қазақстан үшін көпжақтылық өзара сенімнің негізі екенін айтты. Мұхтар Тілеуберді мәртебелі мінберден әлемдегі қақтығысқан тараптарды тезірек келіссөзге келуге шақырды. Министр БҰҰ-ын реформалау мәселесіне жеке тоқталды.


Мұхтар Тлеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:


- Президент Қ. Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының алдымызда тұрған сын-қатерлерді шешу үшін мемлекеттерді біріктіре алатын бірегей әмбебап платформа ретіндегі маңызына бірнеше рет тоқталған болатын. Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін әрекет етуге, бейімделуге және нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл жаңғыруда негізгі бағытардың бірі Қауіпсіздік Кеңесін реформалау.


Қазақстан үшін аса өзекті мәселе ретінде су қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Еліміз БҰҰ-на мүше мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге және су ресурстарын басқаруды халықаралық деңгейге шығаруға шақырады. Бұл бастамаларды нақты әрі тиімді іске асыру қажет. Біздің телеарнаға берген сұхбатында Мұхтар Тілеуберді осы мақсатқа жету үшін серіктестеріміздің белсенділігі қажет деді.


Мұхтар Тлеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:


– Біздің пікірімізше, Халықаралық су ұйымы Біріккен Ұлттар Ұйымы  жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Әрине, бұған қатысты  мүше мемлекеттердің ұстанымдары әртүрлі. Негізгі мәселелердің бірі - мұндай ұйымды құруға қажетті бюджет. Дегенмен, әлемде қазірдің өзінде тиісті платформалар бар. Егер Біріккен Ұлттар Ұйымының су платформасы туралы айтатын болсақ, ол іс жүзінде Халықаралық су ұйымы болып қайта құрылуға дайын деуге болады.


Қарусыздану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сыртқы Істер Министрі Қазақстанның қарусыздану және ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыру жөніндегі ұстанымын растады және еліміздің Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын атап өтті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?