Қазақстанның жетекші заңгерлері, саясаттанушылары мен
социологтары Астанада «Sarap» клубының алаңына жиналды. Жиын қатысушылары
Құрылтай сайлауы қорытындылары мен партиялық жүйенің алдағы даму перспективаларын
талқылады. Парламент жұмысының құқықтық негіздері де сөз болды. Қазақстандық
қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев бір
палаталы Құрылтайдың рөлі айтарлықтай артатынын атап өтті. Оған алдағы
өзгерістерді іске асыру үшін қажетті құқықтық база қалыптастыру міндеті тұр.
Азамат Байғалиев, Қазақстандық қоғамдық даму институты
басқарма төрағасының орынбасары:
- Құрылтай таяу арада азаматтарымыздың өміріне тікелей
әсер ететін бірқатар конституциялық заңдарды, өзге де заңнаманы қайта қарауы
тиіс. Сондықтан бұл мәселеде Мемлекет басшысының бастамаларымен, қазір
экономикада орын алған басты өзгерістермен байланысты көптеген дүниені ескеру
қажет. Мемлекет басшысының жақын арада бізді ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын
атап өткені де бекер емес. Құрылтайдың саяси салмағын арттыру тұрғысынан
алғанда, бұл жұмыстың маңызы зор.
Өткен сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі
ретінде сарапшылар елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға деген жоғары
қызығушылықты атады. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты
директорының орынбасары Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, Құрылтай сайлауында 777
байқаушы тіркелген, оның ішінде 42 мемлекет пен 13 ұйым бар. Бұл елдегі
электоралдық науқан үшін теңдессіз көрсеткіш.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
- Бұл тек қана Қазақстандағы сайлау процессі ғана емес,
жалпы, Қазақстанда болып жатқан саяси реформаның, саяси институттардың
өзгеруіне байланысты үлкен саяси қызығушылық. Сайлау процессі бөлек, халық
бөлек емес. Яғни сайлау процессіне халықты тарту бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Яғни, халықтың, қоғамның пікірінде, назарында не бар, қандай сұраныс бар,
қандай талап, ниет бар деген сияқты нәрсенің барлығын түсіну үшін әлеуметтік
зерттеу жүргізу керек.

