Қазақстанда келесі жылдан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге арналған үш жылдық мораторий қайта енгізілуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Құрылтай депутаттары мен Үкіметке бұған дейінгі мораторийдің нәтижелерін талдап, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексін жетілдіруге, салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және шағын әрі орта бизнеске түсетін жүктемені азайтуға да назар аударды. Саланы қолдауға бағытталған шаралар бизнес-қоғамдастық өкілдері мен парламент депутаттары арасында талқыланып жатыр. Олардың пікірінше, бұл шаралар уақытылы қабылданып отыр әрі шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді құралына айналмақ.
Олжас Нұралдинов, ҚР Құрылтай депутаты:
- Бұл өзгерістердің ұтымды тұстарын атап өткім келеді. Ең алдымен, мораторий енгізу арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көзделіп отыр. Әзірге оның нақты мерзімі белгіленген жоқ. Мемлекет басшысы бұған дейінгі мораторийдің тәжірибесін зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл мәселе алдағы жұмыс барысында талқыланып бекітіледі. Қалай болғанда да, бизнеске оң ықпал тигізетін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылмақ.

