Шымкентте өткен тоғызыншы Қазақстандық жаһандық инвестициялық дөңгелек үстел аясында жалпы құны 5 млрд долларға жуық келісімдер жасалды. Халықаралық форумға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі жиналды. Барлығы 22 құжатқа қол қойылды, олар энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды қамтиды. Қостанай облысында жел электр стансасын, Екібастұзда деректерді өңдеу орталығын салу және Құрық портының жаңа терминалын салу жобалары бар. Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік инвесторларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, басым бағыттары және инвесторларды қолдау тетіктері туралы мәлімет берді. Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстанға 100 млрд доллардан астам инвестиция тартылған.

