Астанада сарапшылар Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын талқылады

Астанада сарапшылар Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын талқылады

Қазақстан адам капиталы, жасанды интеллект және технологиялық жаңғыру маңызды рөл атқаратын дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бүгін Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған National Think Tank Forum алаңында орнықты дамудың жаңа бағыттары әңгіме өзегіне айналды. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың айтуынша, еліміз цифрлық тұрғыда іргетасын нығайтып, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартқан. Мәселен, БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 24-орынға көтеріліп, үздік 25 елдің қатарына енді. Цифрлық инфрақұрылым кеңейіп, электронды мемлекеттік қызметтердің саны мен технологиялық өндірістердің үлесі артып келеді.

Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының тұрақты өкілі:

– Қазақстан қазірдің өзінде мықты цифрлық инфрақұрылым қалыптастырды. Ендігі міндет – оны мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағыттап, азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту. Бұл ретте адам капиталы тек әлеуметтік фактор ғана емес, ел экономикасына салынатын маңызды инвестиция. Енді негізгі басымдық қолжетімділік пен қамтудан сапаға ауысады. Бұл әсіресе білім беру саласында айқын көрінеді. Мұнда тек білім алуға мүмкіндік жасаумен шектелмей, білімі мен дағдылары экономиканың қажеттіліктеріне сай келетін мамандарды даярлау маңызды.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы еліміздегі ауқымды реформалар мен жүйелі жаңғырудың бір бөлігі екенін тілге тиек етті. Катаржина Вавьернианың айтуынша, бұл өзгерістер елдің одан әрі дамуына және мемлекеттік институттарды нығайтуға бағытталған. Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов еліміздің барлық салада тұрақты даму көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, енді ел алдына жаңа міндеттер қойып, жаңа күн тәртібін қалыптастыру қажет. Сондықтан алдағы бес, он жылға және одан да ұзақ мерзімге арналған стратегиялық басымдықтарды айқындау маңызды.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Жаңа Конституцияның қабылдануымен, жаңа саяси институттардың өз жұмысын бастауымен ел дамуының жаңа дәуіріне қадам басып келеміз. Алдымызда жаңа міндеттер тұр. Бұл тек ел ішіндегі өзгерістерге ғана емес, сондай-ақ сыртқы ортадағы ахуалдың өзгеруіне де байланысты. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы күн тәртібінің бірінші мәселесі. Биыл Цифрландыру жылы деп жарияланды. Ол алдағы жылдары да жалғасып, одан әрі дами береді. Жасанды интеллектіні мектептердегі білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлықтың қабылданғанын да білесіздер. Сондықтан бұл бағыттың ауқымы өте кең.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?