Орталық Азия жаһандық инвестиция ағындарының тартылыс орталығына және экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Өңірдің жаңа мүмкіндіктері, сондай-ақ сауда көлемін кеңейтіп, осы аумақ арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттардағы жүк тасымалы көлемін арттыру. Осы төңіректегі әлеует Астанада өткен China Conference: Central Asia 2026 диалог алаңында сарапшылардың талқысына түсті. Конференцияға Қытай, Орталық Азия және АСЕАН елдерінен мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары және ірі бизнес өкілдері қатысты. Инвестициялар тарту, пайдалы қазбаларды өндіру, инфрақұрылымды дамыту және өңірлік компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуы әңгіме өзегіне айналды. Қазірдің өзінде Қытайдың өңір бестігімен тауар айналымы 100 млрд доллардан асты. Әлеует бұданда жоғары. Сондықтан Гонконг пен аспан асты елінің іскер топтары Қазақстанды өзара ықпалдастықты дамыту және Орталық Азия нарықтарына шығу үшін маңызды серіктес ретінде қарастырады. Жиынға қатысушылардың айтуынша, тараптар қаржы саласында тәжірибе алмасып, инвестиция тарту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады.
Саймон Чан, Гонконг сауда және экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі басқармасының бас директоры:
- Біз Қазақстанмен осы бағытта қажетті мүмкіндіктер, білікті мамандар және тәжірибемен бөлісуге әзірміз. Қаржы саласын дамытуда Қазақстанның әлеуеті зор деп есептейміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығының дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Оның Гонконгпен қаржылық реттеу және жалпы қаржыландыру тетіктері саласындағы ынтымақтастығы кеңейіп келеді. Бұның бәрі екі қаржы орталығында тіркелген компаниялар мен қаржы ұйымдары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ірі тау-кен өндіруші компанияның Астана мен Гонконг биржаларына шығуы табысты нтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, бұл мәміле Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері үшін халықаралық капитал тартудың жаңа арнасын ашты.
Ренат Бектұров, АХҚО басқарушысы:
– Jiaxin International Resources компаниясы бір уақытта «Астана»
халықаралық биржасы мен Гонконг қор биржасында IPO өткізді. Бұл Қазақстанның
капитал нарығы тарихындағы компанияның алғашқы қосарланған листингі, «Бір
белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы AIX биржасындағы алғашқы және Орталық
Азиядағы қытай юанімен өткізілген тұңғыш IPO. Сұраныс ұсыныстан 200 еседен
астам жоғары болды. Ал өтінімдердің жалпы көлемі 34 миллиард доллардан
асты.

