Астанада бизнеске арналған АІ-платформа таныстырылды

Астанада бизнеске арналған АІ-платформа таныстырылды

Жасанды интеллект қазақстандық кәсіпкерлерге заңнама талаптарын түсінуге көмектеседі. Астанада пилоттық жоба - Бизнес үшін міндетті талаптар реестрі таныстырылды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бірегей жүйе бір тұғырнамада әртүрлі заңдар, кодекстер, қаулылардан және ведомстволық бұйрықтар нормаларын жинақтап, оларды талдайды. Кәсіпкерге платформада заңды тұлғаның тіркеу нөмірі мен қызмет саласын көрсету жеткілікті. Кейін сервис дербес профиль қалыптастырып, қандай рұқсаттар қажет, қандай талаптарды қандай мерзімде орындау қажет екенін анықтайды. Бұл ретте АІ басшылыққа алатын әрбір заң нормасын реестрге енгізбес бұрын уәкілетті мемлекеттік орган тексереді. Жүйе сондай-ақ заңнамадағы өзгерістерді қадағалап, қайталанатын немесе бір-біріне қайшы келетін талаптарды анықтайды. Әзірлеушілер болашақта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр. Ұлттық экономика министрлігі АІ кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, олардың қызметін терең талдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс деп санайды.

Бекболат Молдабеков, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:

-   Біздің порталымыз жай ғана міне лицензия, міне жауап деген форматпен шектелмеуі керек. Күрделі деңгейдегі жүйе жасағымыз келеді, яғни, біздің жасанды интеллект бизнес-модельдеріне талдау жүргізуі керек. Бұл жерде жалғыз AI-агентпен шектелу мүмкін емес, мақсаттақа жету үшін көптеген құралдарды бір арнаға тоғыстыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган үшін жауап беретін дербес АІ-агенттер қажет, мысалы, Қаржы министрлігіне жеке, Еңбек министрлігіне жеке  деген тәрізді. Жобаны пилоттық режимде екі ай бойы сынақтан өткіземіз. Қазірдің өзінде екі-үш апта уақыт өтті. Егер осы екі ай ішінде ешқандай мәселе туындамаса, жүйе толыққанды режимдегі жұмысқа көшеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?