Астанада Қазақ-Қытай жасанды интелект мектебін ашу жоспарланып отыр

Астанада Қазақ-Қытай жасанды интелект мектебін ашу жоспарланып отыр

Жасанды интелект мектеп бағдарламасына қарқынды еніп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында арнайы Жарлыққа қол қойды. Ал Үкімет 2029 жылға дейін АІ енгізудің кешенді жоспарын бекітті. Құжатта мұғалімдерді даярлау, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және оқу процесінде нейрожелілерді қауіпсіз қолдану ережелерін әзірлеу қамтылған. 1 қыркүйектен бастап пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте жүзеге асырыла бастады. АІ бағытындағы білімді дамытуға отандық компаниялар да өз үлестерін қосуда. Қазақстандық SHAI стартапы технологиялық шешімдерді әзірлеп, студенттер мен оқытушыларға жасанды зерде құралдарын іс жүзінде қолдануды үйретіп келеді. Компания өкілдерінің пікірінше, балаларды бастауыш сыныптардан бастап-ақ жаңа технологиямен оқыту қажет, бұл – заман талабы.


Айбар Үсен, Shai.Pro AI-стартапының коммерциялық директоры:


- Бірер жыл бұрын мемлекет информатика пәнін бастауыш сыныптардан оқыта бастады. Меніңше, жасанды интеллект бойынша сабақтарды да осылай ерте енгізу жас буынға оны мектеп қабырғасынан бастап қолдануға мүмкіндік береді. Бұл болашақта Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын дағдыларды меңгеруге жол ашады.


Бұл бағыттағы тағы бір қадам - Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интелект мектебін ашу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті жобаны іске асыруды тапсырды. Жаңа технологиялы экономикаға жоғары білікті мамандар қажет. Сондықтан білім беру жүйесін біртұтас құрылым ретінде дамыту маңызды. Яғни мектеп - кәсіби білімнің берік негізін ұсынуы тиіс. Қытай жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарында. Көрші елде жаңа технологиялар білім беру жүйесіне белсенді енгізіліп жатыр. Яғни, келешек ұрпақ нейрожүйені қолдануда жаңа талаптар мен өзгерістерге дайын болуы керек деген ұстанымы айқын. Онда тек бағдарламалау дағдыларына емес, алгоритмдерді түсінуге және жасанды интеллект қабылдаған шешімдерді талдай білуге ден қойылады. Қазақстан аспан асты елінің осы тәжірибесін зерделеп, отандық білім беру жүйесіне бейімдеуді көздеп отыр. Ынтымақтастыққа Гонконг та қызығушылық білдірді. Ондағы мектептер мен университеттерде цифрлық технологияны оқытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар енгізілген.  


Саймон Чан, Гонконг Сауда және экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі басқармасының бас директоры:


 - Жасанды интеллект саласындағы білімге келетін болсақ, Гонконг мектеп оқушыларына, студенттерге және жастарға осы бағытта білім алуға мүмкіндік беретін бастамаларды қолдайды. Біздегі мектептер мен университеттерде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Гонконгта беделді халықаралық білім беру жүйесі қалыптасқан. Біз Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Жасанды интеллект саласындағы білім беру өзара іс-қимылымыздың перспективті бағыттарының біріне айналады деп сенемін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?