Астанада төмен көміртекті технологиялардың болашағы талқыланды

Астанада төмен көміртекті технологиялардың болашағы талқыланды

Қазақстан көміртекті сақтаудың озық технологияларын дамытатын әлеуетті алаңдардың біріне айналуы мүмкін. Бұған елдің геологиялық ерекшеліктері мен дамыған мұнай-газ секторы мүмкіндік береді. Осы орайда өнеркәсіп нысандарында көмірқышқыл газын ұстап, оның қоршаған ортаға таралуына жол бермейтін CCUS технологиясы тың серпін бермек. Оның мүмкіндіктерін Астанада өткен халықаралық конференция қатысушылары талқылады. Оған Қытай, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Қазақстан, АҚШ және Канада елдерінің ғалымдары, сала мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиында технологиялық шешімдер, саланы реттеу және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аударылды. Сарапшылар дәстүрлі энергетиканың үлесі жоғары Қазақстан үшін бұл бағыт аса өзекті екенін айтады. Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр.


Сәкен Қалқаманов, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:


– Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай компанияларының басым бөлігі өндірілген шикізаттың орнын толтыру үшін жер асты қабаттарына су жібереді. Бұл технология көмірқышқыл газын жерасты қабаттарына айдаумен ғана шектелмейді. Қазақстан үшін оның маңызы зор. Өйткені көмірқышқыл газын өндірісте, өнеркәсіпте қайта пайдалануға болады. Мұндағы ең күрделі үрдіс ол көмірқышқыл газын ұстап, жинау, қажетті жерге тасымалдау және кейін қайта өңдеу. Сондықтан біз бұл бағытты меңгеруіміз керек.


Джон Лафхед, Ұлыбританияның корольдік инженерлік ғылым академиясының мүшесі, Бирмингем университеті:


– Қазақстан өзінің геологиялық мүмкіндіктерінің арқасында бұл салада маңызды ойыншыға айнала алады. Елдің өзі шығарындыларды азайтуға мүдделі. Сонымен қатар, кейбір өнеркәсіптік үрдістер қазба байлықтарына тікелей тәуелді. Көп жағдайда әзірге оның орнын басатын балама жоқ. Сондықтан шығарындыларды ұстап қалу ұтымды  шешімдердің бірі болуы мүмкін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?