Қазақстанда стратегиялық маңызы бар материалдар өндірісін дамыту басымдықтары айқындалды. Мақсат - шикізатты өндірумен шектелмей, жоғары технологиялық деңгейде өңдеуге көшу. Осы ретте Қазақстанның жаһандық өндіріс тізбегіндегі орнын нығайту үшін Астанада аса маңызды материалдар жөніндегі ұлттық зертхана құрылады. Ол еліміздің жер қойнауында сирек кезігетін металдар қорының әлеуетін бағалап, жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктерін анықтауға септеспек. Зертхана жұмысы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар - аккумуляторларға қажетті материалдар өндіру, қайта өңдеу, реактивті қозғалтқыш бөлшектері мен жартылай өткізгіш өнеркәсібіне арналған материалдар шығару. Сондай-ақ тұрақты магниттер өндірудің толық циклін қалыптастыру. Мұндай өнімдерге автомобиль жасау, авиация және баламалы энергетика салаларында сұраныс жоғары.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Аталған бағыттар бойынша оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын жобалардың топтамасы қалыптастырылды. Германияның Bergbau AG компаниясы мен Кореяның геологиялық, гео-физикалық зерттеулер және минералдық ресурстар институтымен Австарлияның Lindian Resources Limited компаниясымен және басқада ұйымдармен ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Маңызды материалдар өндірісін дамыту үшін шикізат қорын кеңейту қажет. Осыған орай Қазақстанда жер қойнауын зерттеу жұмыстары жанданып, барлаудың озық әдістері енгізілуде. Алғаш рет 1:50 мың масштабтағы мемлекеттік геологиялық түсірілім жұмыстары басталды. Алдағы үш жылда жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды қамтитын 20 жоба жүзеге асырылады. Әлі анықталмаған кен орындарын табу үшін жасанды интеллект, спутниктік суреттер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Алғашқы зерттеуде әлеуеті жоғары жеті учаске анықталды. Келесі жылы оларды аукционға шығару жоспарлануда. Елімізде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жасақталып жатыр. Ол геологиялық мәліметтерді бір жүйеге жинақтап, жаңа кен орындарын нақтылауға мүмкіндік береді.

