Астанада AI & Digital Bridge ірі халықаралық форумы өтуде. Бүгінде Digital Bridge форумы әлемнің озық технологиялық компаниялар басшылары, сала сарапшылары мен танымал стартап әзірлеушілер жиылатын Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналған. Мұнда инновациялық идеялар туындап, серіктестік негізі қаланады, әрі нақты жобалар іске асады. Қазақстан Президенті қазіргі заманның ажырамас бөлігіне айналған жаңа технологияларды дамытудың айрықша маңызын атап өтті. Форумның күн тәртібі жыл сайын кеңейіп келеді, енді тек АІ ғана емес, сонымен қатар есептеу инфрақұрылымы, робототехника, заңнамалық реттеу мен технологиялық қауіпсіздік қамтылады. Қазақстан озық технологияларды енгізудің арқасында пайда болағн барлық жаңа мүмкіндіктерді толық көлемде пайдалануға ұмтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді.
Жасанды интеллектің қуатын толық пайдалану керек. Бұл ретте Президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оның аясында оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі. Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді.
Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев перспективалы әзірлемелер мен капиталдың басқа юрисдикцияларға ауысып кетуінің алдын алу керек деді. Ол үшін құқықтық теңгерім қажет. Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді.
Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.

