Қазақстан арқылы теміржол транзиті бес жыл ішінде 65%-ға өсті. Алдағы жылдары еліміз тағы да 5 мың шақырым желі салуға ниетті. Инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар жаңа локомативтерге сұраныс артқан. Осы мақсатта Астанада заманауи электровоздар шығарылады. Бұл Орталық Азиядағы бірегей зауыт. Франциялық Alstom компаниясының басқаруындағы «Электровоз құрастыру зауыты» Астанада 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Зауыт Қазақстан, Орталық Азия және ТМД нарықтарына 450-ден астам жүк және жолаушы электровозын өндірген. Бүгінде кәсіпорын аясын кеңейтіп, теміржол көлігіне қызмет көрсету бағытын қамтуды көздеп отыр. Осы мақсатта Техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу орталығының құрылысы басталған, ол 2027 жылы іске қосылмақ.
Жером Бойе, Батыс және Орталық Азия бойынша Alstom басқарушы директоры:
- Бүгінде біз автоматтандыруды және АІ негізіндегі қызметті ең алдымен сервистік көмек саласына енгізудеміз. Негізінен ҚТЖ және біздің өзге де клиенттеріміз үшін іркіліссіз жұмыс қарқыны мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін түрлі жағдайларды болжауға осы жаңашылдықтарды қолданамыз. Және қандай да бір жағдайда туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу саласында дамытамыз. Біз қазір Қазақстанда дәл осы бағытты дамытып жатырмыз.
Биыл елордада өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2 млрд АҚШ долларынан асып, үштен біріне жуық өскен. Бұл өсімді қамтамасыз етуде арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктер маңызды рөл атқарады. Айталық, Астананың №1 Индустриялық паркінде 103 жоба жүзеге асырылып, тағы 42 жаңа жоба қолға алынған. Олардың жалпы инвестиция көлемі 74 млрд теңге жуық. Ірі бизнестің сұранысы артуына орай алдағы уақытта жеке салаларға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар құрылып, тиісті инвестициялық қолдау пакеттері ұсынылады.
Сәбит Мұхамеджанұлы, «Astana Invest» орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл жеңілдіктер арнайы экономикалық аймақ заңына сәйкес, басқарылып, жүзеге асырлады. Сонымен қатар жер телімі мемлекет тарапынан, әкімдіктен ұсынылады. Астана қаласының өндірістік әлеуетін бұдан әрі арттыру мақсатында нөмері 2-ші индустриялық парк жоспарланған. Сонымен қатар логистикалық парк жоспарланған. Сонымен қатар, аграрлық өнеркәсіптік зона жоспарланған. Алдағы екі-үш жылда іске асырылатын жобалар осы.

