Alatau City инвесторларды қорғау жүйесін
күшейтуде. Жаңа мегаполисті дамытумен айналысатын компания мен прокуратура
органдары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол әкімшілік және құқықтық
кедергілерді ерте анықтауды, бизнестің өтініштерін бірлесіп қарауды және
дауларды сотқа дейін реттеуді көздейді. Жалпы Қазақстан бойынша Инвесторлар
құқығын қорғау комитеті бүгінде 3 жарым мыңға жуық жобаны сүйемелдеуде. Бұл
үшін цифрлық мониторинг, жеке прокурор институты және прокурорлық сүзгі сияқты
тетіктер пайдаланылады. Естеріңізге сала кетейік, Alatau City іскерлік
белсенділіктің, технологиялардың және заманауи қала құрылысының жаңа орталығына
айналмақ. Мұнда өндіріс пен логистикаға басымдық берілген. Қазір қалада ірі
жобаларды іске қосуға дайындық жүріп жатыр.
Тимур Ташмұхамбетов , Alatau City Authority жобалау
және құрылыс нормалары департаментінің директоры:
- Бүгінгі таңда жалпы құны шамамен 6,9 млрд
доллар болатын, 55 мың жұмыс орнын құру
әлеуеті бар 67 жобаның инвестициялық пулы
қалыптасты. Бірқатар өндірістік және логистикалық жобалар қолға алынды. Сонымен
қатар, жаңа қала экономикасының өсіміне негіз қалауы тиіс ірі флагмандық
жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

