Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының жазғы зерттеу бағдарламасына қатысушылар түрлі салаларға арналған AI-шешімдердің 10 прототипін әзірледі. Бұл жобаларды зерттеуші-инженерлер жетекшілігіндегі оқушылар мен студенттер бір жарым ай бойы әзірлеген. Ғылыми тағылымдама барысында олар командаларға топтасып, әрқайсысы өз әзірлемесін ұсынды. Олардың бірі қазақша сандық экожүйені дамытуға арналған. Нақтырақ айтсақ, ол заманауи цифрлық сервистер мен АІ-технологияларда қазақ тілін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Адия Есен, ISSAI жазғы зерттеу бағдарламасының қатысушысы:
- 100 сағаттан астам аудиосы бар dataset құрдық. Біз YouTube-тен дыбысты өзіміз теріп алдық, өзіміз гендерлік атрибуттарды енгіздік, қазір белгілі бір мәтінді жазып, қазақ тіліндегі сөйлемдерді генерациялай алатын бағдарламаның демо нұсқасы дайын.
Жыл сайын Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты Қазақстан мен шет елдерден, соның ішінде Ресей, Армения және Қырғызстаннан келген оқушылар мен студенттерге арналған жазғы зерттеу бағдарламасын ұйымдастырады. Осы уақытқа дейін 80-ге жуық қатысушы ғылыми тағылымдамадан өтті. Олардың зерттеулері барысында түрлі салаларға бағытталған AI-шешімдердің 30-ға жуық прототипі жасалды. Бұл дегеніңіз, қазақстандықтардың жас буыны дайын AI шешімдерді қолданып қана қоймай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, оның дамуына үлес қосады.
Амина Байкенова, ISSAI өнімдері және сыртқы байланыс жөніндегі директордың орынбасары:
- Біз тағы бір осындай бағдарламаны
күзде өткізгіміз келеді, одан әрі қыста да ұйымдастырсақ дейміз. Бұл бағыттың
тұрақты өткізіліп тұруын қалаймыз. Себебі біздің ISSAI атқарып жатқан жұмыстың
басты мақсаты – АІ-шешімдерді әзірлей алатын адам капиталын қалыптастыру.

