Құрылтай конституциялық реформаның басты нәтижелерінің
біріне айналды. Ол еліміздегі түбегейлі қоғамдық-саяси өзгерістердің жаңа
кезеңіне жол ашады. Бұл пікірді Қазақстандық Қоғамдық даму институтының сарапшысы
Дидар Тебаев білдірді. Оның айтуынша, қолға алынған реформа мемлекеттік билік
жүйесімен ғана шектелмейді. Жаңа нормалар азаматтардың күнделікті өмірімен де
тікелей байланысты. Конституцияда неке ұғымы нақтыланып, заманауи цифрлық
технологияларды ескере отырып, дербес деректер алғаш рет Ата заң деңгейінде қорғалады.
Дидар Тебаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
– Отбасы туралы ережелер конституциялық деңгейде
бекітілді. Отбасы дегеніміз не? Бұл – ер азамат пен әйел адамның тең құқықты
одағы екені баршаға аян. Отбасы ұғымының нақты бекітілуі біздің дәстүрлі
құндылықтарды ұстанатынымызды және бұл ұстанымның өзгермейтінін көрсетеді.
Неліктен? Себебі Конституцияға кез келген өзгерістер мен толықтырулар тек
жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Яғни, еліміздің Ата заңы қандай
болатынын, Конституцияға қандай өзгерістер енгізілетінін халық шешеді.
Жаңа конституциялық кепілдіктердің тағы бір бөлігі
бүгінде әр адамның күнделікті өміріне айналған цифрлық ортаға қатысты. ЖСН,
биометриялық деректер, банктік операциялар мен электронды құжаттар күнделікті
қолданыстағы құралдарға айналды. Бұндағы әңгіме озық цифрлық жүйелердің
қолайлылығында ғана емес, сондай-ақ адамның дербес деректерінің Конституция
деңгейінде қорғалуында болып отыр.
Дидар Тебаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
– Қазір цифрлық технологиялар, соның ішінде алаяқтар
тарапынан да белсенді қолданылып жатыр. Сондықтан дербес деректерімізді қорғау
үшін конституциялық-құқықтық негіз қажет болды. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан
жасанды интеллект туралы заңды, Цифрлық кодексті қабылдаған алғашқы елдердің
бірі деуге болады. Онда негізгі ережелер, соның ішінде дербес деректерімізді
қорғау мәселесі де бекітілген. Цифрлық әлем – ертеңгі күннің емес, бүгінгі
күннің шындығы. Бұл үрдіс бүгінде қарқын алып келеді. Сондықтан жеке
деректеріміз қорғалуы керек екенін түсінеміз. Ал оның басты кепілі –
Конституция.

