Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент Ерлан Қариннің ішкі саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру, Президент тапсырмаларын орындау мен бастамаларын ілгерілету, соның ішінде бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі есебін тыңдады. Вице-Президент конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этика қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқығы мен мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру секілді ішкі саясаттың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма берді.

