Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты. Оған Ұйымға мүше 10 мемлекетпен қатар, бақылаушы елдер, серіктестер, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан Президенті саммитте сөз сөйлеп, Қырғызстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ стратегиялық міндетке тоқталды. Оның пайымдауынша, күш көрсету культі мен конфронтация орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынтымақтастық салтанат құратын жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Халықаралық аренадағы мұндай ықпалдастықтың ең үлгілі моделі «Шанхай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қызметіндегі теңдік пен консенсус қағидаттары, шын мәнінде, көпжақты ынтымақтастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады. Сондай-ақ, Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді. Ол бұл халықаралық құрылымның баламасы жоқ екенін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ нығайту, оның тиімділігін арттыру біздің ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің
бастамасымен қолға алынған реформа Ұйымның әмбебап сипатын сақтап, оны
анағұрлым тиімді нақты нәтижені көздейтін құрылымға айналдыруға тиіс. Ал
өзгерістердің сәтті өрбуі саяси ерік-жігер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің
жауапкершілігіне байланысты. Осы орайда, Президент орта державалардың рөлі
артып келе жатқанына айрықша назар аударды. Бұл ретте олардың ұстанымдары мен
бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс екенін алға
тарты. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық тұрақтылық жасанды интеллектіні
дамыту аясындағы жауапкершілікке көбірек тәуелді. Сондықтан оны пайдалануға қатысты
әмбебап ережелер қажет. Осы бағытта Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған
цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Сонымен қатар, су қауіпсіздігі әлемнің күн
тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды. Дәл осы себепті Қазақстан
БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. ШЫҰ Су мәселелерін
талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді, -
деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөз соңында Мемлекет басшысы Шанхай ұйымы қауіпсіз
және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді. Қазақстан
барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта жұмыс атқарады.

