Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматты марапаттады. Олардың арасында белгілі мәдениет, ғылым, мемлекеттік қызмет және ауыл шаруашылығы мамандары бар. Мемлекет басшысы көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбекованы «Отан» орденімен марапаттады. Ол отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалаған. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Қазақстан Президенті марапатталғандардың еңбегін жоғары бағалап, олардың кәсіби жолын елге қызмет етудің үлгісі және жас ұрпақ үшін бағдар деп атады. Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, қазір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа
Конституциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап,
дауыс берді. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді.
Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр.
Партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуде. Алдымызда өте жауапты кезең
тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін.

