Жасанды интеллект Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында мәлімдеді. Бүгінде елдің өнеркәсіп секторы өсім көрсетіп отыр. Биылғы сегіз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтады. Өңдеу өнеркәсібі былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 8 жарым пайызға жуық ұлғайды. Мемлекет басшысы осы қарқынды сақтау қажеттігін атап өтті. Ол үшін еңбек өнімділігін арттырып, өнеркәсіп базасын жаңғыртуға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мән беру қажет. Президент кәсіпорындарға жасанды интеллектіні жүйелі енгізуге көшуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста жасанды интеллект көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады.
Президент сондай-ақ ғылымды өндіріспен тығыз байланыстыруды тапсырды. Qazaq AI Research University маман даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін жетекші алаң болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, келесі қадам - дайын АІ-шешімдерді жедел енгізу. Үкіметке кәсіпорынның қажеттілігін анықтаудан бастап, дайын шешімді сынақтан өткізу және өндіріске енгізуге дейін бірыңғай тетік құру тапсырылды. Өнеркәсiптiк деректерге жеке назар аударылады. Әзірлеушілер үшін бірыңғай сапа стандарттары мен қауіпсіз қолжетімділігі бар базалар құру жоспарлануда. Мұндай ақпарат отандық технологиялық шешімдерді әзірлеуге көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.

