Қ.Тоқаев «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі

Қ.Тоқаев «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі

Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Қазақстан Президенті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш екенін атап өтті. Бүгінде оның қолданыс аясы кеңейіп келеді. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен ЖОО-да қазақ бөлімдерінің саны көбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды.

Қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда енгізіліп жатыр. Елімізде мемлекеттік тілде қызмет көрсететін цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді.

Президент тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеудің маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сол себепті ең алдымен қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат  және мұражай қорларын цифрлық үлгіге көшіру қажет. Сонымен қатар қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіру керек. Бұл міндет құрамына кәсіби тіл мамандары мен ғалымдар кіретін арнайы жұмыс тобына жүктеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым, жалпы пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді.

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?