Қазақстан түбегейлі жаңғыру жолына түсті. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Оның айтуынша, ауқымды реформалар қоғам өмірінің барлық салаларын қамтыған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, озық, күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды.
Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толығымен жаңартылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс.

