Қазақстан Президенті Мюнхенде Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президенті және Канцлерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты нәтижеге айналдыру үшін Баварияны басты серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен еліміздің ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар. Өзара экономикалық ықпалдастықты жандандыра түсуде көлік байланыстарын жақсартудың да маңызы зор. Өз кезегінде Маркус Зёдер Бавария Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ елімізде жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ландтагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті. Әңгімелесу барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері қозғалып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту әлеуеті талқыланды. Мемлекет басшысы Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүргізілген келіссөздер табысты әрі нәтижелі сипатта өрбігенін атап өтті. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі. Тараптар кездесу соңында Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрінің орынбасары – Экономика, өңірлік даму және энергетика министрімен жүздесті. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс айтты. Кездесуде тікелей іскерлік байланысты нығайту, сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек тараптар жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика және инновация салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Хуберт Айвангердің пікірінше, екі ел экономикасының өзара үйлесімділігі Бавария компаниялары үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.

