Астанада 23-24 қыркүйек күндері Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы тарихи сессиясы өтеді. Бүгін Мемлекет басшысы оны шақыру туралы өкімге қол қойды. Президент Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Тізімге 126 адам енген. Олардың өкілеттік мерзімі – төрт жыл. Жоғары консультативтік органдағы өкілдік үш бағыт бойынша қалыптасады: этномәдени бірлестіктерден – 42 мүше, ірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан – 42 мүше, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 мүше енді. Соңғы топтың есебінен Қазақстанның барлық өңірі қамтылды. Олардың қатарында сарапшылар, талдаушылар, ғалымдар, журналистер, спортшылар, кәсіпкерлер және мәдениет қайраткерлері бар. Жалпы Қазақстан Халық Кеңесі Мемлекет пен азаматтық қоғам арасында «алтын көпір» болады. Кеңес ішкі саясат, қоғамдық келісім мен бірлік мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар, Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтере алады.

