Қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсу қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсат та – осы. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесінің алғашқы сессиясының ашылуында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт мүшелері алдында бірқатар міндет жүктеді. Президент елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүргенін атап өтті. Жаңа органның аттауы оның жалпыұлттық сипатын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды.
Қазіргі басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста, әрі үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Бұған қоса, Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтеру тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек. Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады.
Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау. Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда, қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Бұған қоса, Халық Кеңесі азаматтық қоғам институтын дамытуға үлес қосады. Президент сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды жаңғыртудың қорытынды кезеңінде барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өтетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек.

