Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құру. Қазақстан Президенті Германияға ресми сапарының алғашқы күнінде өткен осы елдің экономикалық қауымдастықтары және қаржы институттары жетекшілерімен кездесуде осындай ұсыныс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама тараптардың капиталын біріктіріп, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырады. Ал «Бәйтерек» холдингі жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар, қаржы, цифрлық технологиялар және энергетика салаларындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Мемлекет басшысы қос мемлекет те ынтымақтастықты кеңейту үшін берік іргетас қалаған саяси диалогқа арқа сүйейтінін алға тарты. Басты мақсат – жай ғана капитал ағынын арттыру емес, жаңа салаларды бірге қалыптастыру. Президент ол үшін Қазақстан тарапы алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.

