Халықаралық байқаушылар сайлау процесін ұйымдастыру,
комиссиялардың дайындығы мен учаскелердегі жағдайды жіті бақылап жүр. ТМД
бақылаушылар миссиясы Астанада және еліміздің 14 өңірінде жұмысын бастаған.
Олар елордадағы № 30 сайлау учаскесінде болып, учаскелік комиссияның жұмысымен
және дауыс беру тәртібімен танысты. ТМД бақылаушылары миссиясының басшысы өз ойымен
бөлісті. Игорь Петришенко әртүрлі жастағы сайлаушылардың жаппай белсенділігін
атап өтті.
Игорь Петришенко, ТМД бақылаушылары миссиясының
басшысы:
- Біз халықаралық бақылаушылар ретінде жүзеге
асырып, назар аударып отырған барлық элементтер толығымен, Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес сақталды. Сайлау учаскесіне қарттардың да,
ең бастысы, жастардың да барғаны қуантады. Біз адамдардың белсенділігін көріп
отырмыз. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және
әділ мемлекет ретінде барлық бағыттар бойынша дамуы үшін Қазақстандағы өмірдің
неғұрлым жайлы, жайлы болуына барлығының мүдделі екенін білдіреді.
Астанада 517 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді
Елордада сайлаушылар тізімінде миллионнан астам азамат тіркелген.
Қалада таңғы жетіден бастап 517 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оларда
азаматтардың барлық санаттары үшін, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға
тиісті жағдай жасалған. Арнайы тұтқалар, тактильді навигациямен қамтылып, кабиналар
есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға қажет техникалық құралдармен
жабдықталған. Жауын-шашынды ауа райына қарамастан, елорда тұрғындары белсенді,
көбісі отбасымен келген. Қала тұрғындары сайлауға қатысуды өздерінің азаматтық
борышы санайды.
Әлия
Атабекова, Астана қаласының тұрғыны:
- Азаматтық
ұстанымымды білдіру үшін саяси науқандардан шет қалмауға тырысамын. Сондықтан
сайлау учаскесіне әрдайым келіп, өз таңдауымды жасаймын. Қазақстанды бүкіл әлем
таниды. Болашақ жарқын болатынына сенемін. Еліміздің, халқымыздың өркендеуі
үшін өз даусымды бердім.
Айгүл Махамбетова, Астана қаласының тұрғыны:
- Бүгін жаңбыр жауып тұрғаны да жақсы нышан шығар. Осындай маңызды оқиға –
сайлаумен байланысты табиғаттың бұл мінезін жақсылықтың белгісіне балаймын. Қазақстанымызда
бәрі жақсы болады деп сенемін. Ең бастысы – елімізде бейбітшілік, татулық
орнаған.

