Түрікменстан жүк тасымалдау көлемін 10% ұлғайтты

Түрікменстан жүк тасымалдау көлемін 10%  ұлғайтты

Орталық Азия елдері транзиттік әлеуетін арттырып келеді. Бұл бағытта Түрікменстанның қадамы қарқынды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында елдің халықаралық көлік дәліздеріндегі өткізу бекеттері арқылы 10,5 млн тоннадан астам жүк өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%  көп. Өсімге ел аумағында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар серпін беріп отыр. Олардың қатарында ұзындығы 600 шақырымға жуық «Ашхабад – Түрікменабат» автожолы бар. Магистраль ел астанасын шығыс өңірлермен байланыстырып, Өзбекстан шекарасы мен Түрікменбашы халықаралық теңіз портына шығуға мүмкіндік берді. Жаңа жолдың арқасында жүк жеткізу уақыты бірнеше тәуліктен 12-15 сағатқа дейін қысқарған. Заманауи инфрақұрылым мен логистиканы цифрландыру тасымалдың жылдам әрі тиімді болуына жағдай жасайды.


Мекан  Ёвбасаров, Түрікменстан  Автомобиль  көлігі министрлігінің  маманы:


- Қазір құжаттарды цифрландыру – жұмыс үдерісінің тиімділігін арттырудың маңызды аспектісі. Электронды құжат айналымына көшу кедендік рәсімдерден өтуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе халықаралық көлік дәліздері үшін аса маңызды. Сонымен қатар, Түрікменстанның кеден саласында электронды бағдарламалар мен ақпараттық базалар кеңінен қолданылады.


Тағы бір маңызды жоба - Қазақстанмен көлік қатынасын дамыту. Гарабогазкөл шығанағы арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірі екі ел арасындағы халықаралық бағыттың бір бөлігіне айналады. Жоба тасымал көлемін 7 есеге арттырып, жол жүру уақытын  2 есе қысқартады деп күтілуде. Аталған бағыт арқылы Түрікменстан минералды тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Ресей мен Қазақстаннан Иран және Үндістанға металл, техника, ұн мен астық секілді жүктерді транзитпен жеткізу көзделген.


Руслан Бяшимов, Түрікменстан Автомобиль көлігі министрлігің экономисі:


- Бұл көпір ауыр жүк көліктерінің Қазақстан шекарасына тікелей жетуіне мүмкіндік береді. Яғни көліктердің ұзақ айналма жолмен жүру қажеттілігі болмайды. Көпір салмағы 50 тоннаға дейінгі ауыр жүк көліктеріне есептелген. Еуропа мен Ресейден Иран және Үндістан бағытындағы жаппай транзитті арттыруға мүмкіндік береді. Оның Түрікменбашы халықаралық портымен түйісуі Түрікменстанды құрлықтық және теңіз бағыттары арасындағы тиімді логистикалық торапқа айналдырады.

Түрікменстан теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, локомотивтер паркін жаңартуда. Сонымен қатар «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салынып жатыр. Біртұтас логистикалық жүйеде Түрікменбашы халықаралық теңіз портының маңызы зор. Оның контейнерлік терминалы жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеуге қауқарлы. Бұл Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді. Түрікменстан теңіз флотын да жаңартып келеді. Жуырда «Гадамлы» құрғақ жүк кемесі мен «Достлук» жаңа мұнай танкері пайдалануға берілді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?