Шетелдік сарапшылар Құрылтай сайлауының маңыздылығын атап
өтті. Бұл жаңа конституциялық жүйе аясындағы алғашқы сайлау, әрі Қазақстанның
саяси дамуының жаңа кезеңі. Бұл туралы «Silk Way» телеарнасына берген
сұхбатында Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры Гленн Агунг Холле
мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында Қазақстанға
деген қызығушылық оның әлемдік геосаясаттағы рөліне пропорционалды түрде артып
келеді. Бүгінде республика Азия мен Еуропаны байланыстырады, Орта дәлізді дамытып,
энергетикада, аса маңызды минералдар саласында шешуші рөл атқарып отыр. Орталық
Азия мемлекеттерінің ірі халықаралық ойыншылармен және серіктестермен өзара
іс-қимылына бағытталған «С5+» форматындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл санап
артып келеді. Жаңа парламент сайлауын табысты өткізу жан-жақты байланысты нығайту
үшін де маңызды. Шетелдік әріптестер үшін жаңа институттардың тиімділігі
инвестициялық жобаларды іске асыруға сенімділіктің маңызды шарты болып
табылады.
Гленн Агунг Холле, Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры:
- Халықаралық әріптестер жаңа Құрылтайды және оның
сайлаудан кейінгі жұмысы қалай жүретінін қадағалайды. Олар үшін бұл сайлау
елдің саяси жүйесін және Қазақстанның тұрақтылығын нығайтуға қаншалықты ықпал
ететіні маңызды. Бұл стратегиялық тұрғыдан да көп нәрседен хабар береді. Қазақстан
дами түсіуі үшін бірнеше ірі державалармен оңтайлы қарым-қатынас орнатуы қажет,
бұған ел ішіндегі мықты саяси институттар оң ықпал етеді. Сондықтан мен үшін ең
басты сұрақ - бұл сайлау Қазақстанды қаншалықты бекемдей түседі? Халықаралық
серіктестер бұл сайлаудың қаншалықты сәтті өткеніне қарай, елдің ілгері қадам
басу қабілетін бағамдайды.

