Орталық Азияның AI-стартаптарына әлемдік нарыққа шығу үшін тек технологиялық жаңалық жасау жеткіліксіз. Инвесторлар мен ірі компаниялар нақты тапсырыс берушілердің болуын, пилоттық жобалардың нәтижелері мен экономикалық әсерін бағалайды. Бұл туралы Астанадағы AI & Digital Bridge форумында айтылды, онда қатысушылар Қазақстанның өңірлік жобаларды жаһандық нарыққа шығарушы алаң ретіндегі рөлін атап өтті. Елде стартап экожүйесі дамуда, ал халықаралық акселераторлармен әріптестік Орталық Азияның технологиялық компанияларына шетелдік инвесторларға, тапсырыс берушілер мен сараптамаға жол ашады. Мұндай бағдарламаларға өңірдің жүзден астам стартаптары қатысты. Олардың ішінде - қазақстандық Cybernet AI және Armeta тәрізді жобалар бар, олар америкалық нарықта өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алды. Айталық, Cybernet AI жасақтаған шешімін Мексикада сынақтан өткізді. Бизнес пен колл-орталықтарды автоматтандыруға бағытталған AI жоба тапсырыс берушінің өз командасынан 20%-ға жоғары тиімділік көрсетіп, шығыны шамамен 5 есе төмен болды. Екінші қазақстандық жоба - Armeta Хьюстондағы халықаралық байқауда жеңіске жетіп, Mitsubishi Power компаниясымен ынтымақтастық орнатты және американдық Alchemist Accelerator-дың қатысушысы болды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай бағдарламалар өңірдегі стартаптарға шетелдік серіктестер мен инвесторларды тауып, халықаралық нарыққа шығуға көмектеседі.
Иэн Бергман, Alchemist Accelerator бас директоры:
- Alchemist-ке Орталық Азиядан көптеген стартаптар қатысты. Олардың кейбіреулері бүгін осы сахнада өнер көрсетті. Өңірдегі инженерлерін сақтай отырып, бизнестерін Сан-Францискода дамытып келе жатқан компаниялар бар. Басқалары, керісінше, осында орналасқанымен, қазірдің өзінде жаһандық нарықтан қолдау тапқан. Бұл Орталық Азияның әлеуетін көрсетеді. Сондықтан осы өңірге қызығушылық артқан. Бізге жыл сайын мыңдаған өтініштер келіп түседі және солардың ішінде Орталық Азиядан көбірек стартаптар болса дейміз.
Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас директоры:
- Әлемдік жетекші
акселераторлардың өкілдері жиылған үлкен сессия өтті, оған: Alchemist, StartX,
Draper University қатысты, Біздің фаундеріміздің осы акселераторлар арқылы
халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі бар. Осыған бағытталған бағдарлама
Өзбекстандағы IT-парктің және басқа да әріптестеріміздің қолдауымен SILKROAD
INNOVATION HUB арқылы іске асырылуда. Яғни, біз жыл сайын фаундерлерді Кремний
алқабына апарып, америкалық нарыққа шығуға көмектесеміз. Бағдарлама үш жылдан
астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оған 100-ден астам стартап қатысып,
олардың көпшілігі америкалық нарыққа шықты.

