Өзбекстанда С5+1 форматында сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Жиынға Орталық Азия елдерінің министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысты. Тарпатар сауда көлемін арттыру, инвестиция тарту және көлік бағыттарын дамытуды талқылады. Қазақстан атынан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты. Ол көлік-логистика инфрақұрылымын нығайтып, жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңызын атап өтті. Жиында аса маңызды минералдар, энергетика, цифрландыру және инновация салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бастамалар экономикалық байланыстарды нығайтып, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Кездесу қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданды. Құжатта тараптардың кедендік қағидаларды сәйкестендіруі және бір-бірінің нарықтарына қолжетімділікті кеңейту жоспарлары көрініс тапты.
Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
- Президент Трамп пен сіздердің елдеріңіздің басшылары сауда мен инвестицияның өсуіне қолайлы реттеу және еңбек жағдайларын қалыптастыру жөнінде уағдаласты. Осы аптада біз сол міндеттемелермен жұмыс істеп жатырмыз. Транскаспий сауда бағытының инфрақұрылымын жақсартып, серіктестерімізге АҚШ пен Орталық Азия нарықтарына шығуға көбірек мүмкіндік беруді көздейміз. Бұл бірлескен әріптестік мүмкіндіктеріне және елдеріміздің бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуына жол ашады.

